«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның Басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев ұлттық атом компаниясының коммерциялық директоры лауазымына Риаз Ризвиді (Riaz RIZVI) тағайындады.
Р. Ризви уран өнеркәсібінде ғана емес, бүкіл энергетикалық ресурстар шоғырындағы шикізаттық ресурстар трейдингі мен маркетингінде мол тәжірибеге ие. AEP, Constellation Energy, Nufcor және NuCap компанияларындағы жұмыс барысында жинақтаған басқару тәжірибесі Қазатомөнеркәсіптің маңызды коммерциялық бастамаларын іске асыруда Риаз Ризвиге көмектеседі.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның Басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиевтің мәлімдемесі:
«Мен Риаз Ризвидің «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның коммерциялық директоры болып тағайындалғанын хабарлап, алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуде оның бізге көмектесетініне сенім білдіріп тұрғаныма қуаныштымын.
Қазатомөнеркәсіп – өнімнің өзіндік құны ең төмен ірі уран өндіруші. Компания әлемдегі ең ірі қорлардың бірін игеріп келеді.
Біз осы басты артықшылықтарымызды клиенттерімізге барынша қолайлы шарттар ұсыну үшін пайдалануға тырысамыз. Бұл Қазатомөнеркәсіптің бүкіл әлемдік атом энергетикасы үшін сенімді серіктес және жеткізуші ретінде танылуына мүмкіндік береді.
Біз қазіргі уран нарығындағы өте бәсекелестік ортаны мойындаймыз және саладағы жетекші орнымызды сақтап қалуға дайынбыз. Бұл бізден ұдайы өркендеуді және коммерциялық дағдыларды дамытуды: шығындарды азайтуды, тиімділікті арттыруды және клиенттеріміз үшін қосымша тиімділіктер ұсынуды талап етеді».
Р. Ризвидің функционалдық міндеттеріне «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ маркетинг-өнім өткізу қызметін үйлестіру және бақылау, жуырда құрылған швейцариялық «Қазақатом» Сауда үйі» еншілес компаниясының коммерциялық стратегиясын ілгерілету, Трансформация бағдарламасының орындалуын қадағалау, барлық маңызды нарықтарда компанияның нарықтық үлесін кеңейтуге басшылық жасау, сондай-ақ ядролық отын секторындағы өтімділікті және инновацияларды арттыру мақсатында салалық ойыншылармен ынтымақтастықты дамыту жатады.