Бүгін «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ орталық аппаратында компанияның құрылғанына 20 жыл толуына арналған салтанатты жиналыс болып өтті. Басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев әріптестерін құттықтап, сөз сөйледі.
«1997 жылғы 14 шілде күні Мемлекет басшысы Қазатомөнеркәсіпті құру туралы Жарлыққа қол қойды. Осы уақыт ішінде атқарылған қыруар жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан уран өндірісі жөнінен әлемдік көшбасшыға айналды. Бүгінде қазақстандық уран дүниежүзілік атом энергетикасы сұранысының шамамен 40% қаматамасыз етіп отыр. Жаңа онжылдыққа жасаған үлкен жоспарларымыз бар. Өндірісті әртараптандыруға түбегейлі бет бұрып, ядролық отын шығаратын зауыт құрылысын бастадық. Компания экономика мен елдегі әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға бағытталған бірқатар маңызды міндеттерді жүзеге асырып келеді. Осының барлығы Қазатомөнеркәсіптің көп санды ұжымының ерен еңбегінің жемісі. Бұл – біздің ортақ табысымыз!», - деді ұлттық атом компаниясының басшысы.
Қазатомөнеркәсіптің 20 жылдығын мерекелеу аясында еншілес кәсіпорындардың 2400-дей қызметкерлері түрлі наградаларға ұсынылды. Компанияның өркендеуіне елеулі үлес қосып жүрген мамандар «Қазатомөнеркәсіптің құрылғанына – 20 жыл», «Атом саласының үздігі» мерейтойлық белгілерімен, Энергетика министрлігінің, «Самұрық-Қазына» Қорының, «Kazenergy» қауымдастығы және «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының құрмет грамоталары және алғыс хаттарымен марапатталды.
Қазатомөнеркәсіптің мерейтойы Астана ЭКСПО-2017 көрмесі аумағындағы «Атом энергиясының әлемі» павильонында да мерекеленді. Мұнда нағыз цирктік қойылым болып, көрмеге келушілер алдында акробаттар мен музыканттар өнер көрсетті, ал ең белсенді қатысушылар мерейтой иесінің сыйлықтарын алды.