«Самұрық-Қазына» АҚ-ның қоржындық компаниялары Мемлекет басшысының қатысуымен өткен цифрландыру мәселелері жөніндегі республикалық кеңес аясында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі ұйымдастырған цифрлық технологиялар көрмесіне қатысты.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматов Қазақстан Президенті Н. Назарбаевқа «Цифрлық кеніш» жобасын таныстырды.
Аталмыш ақпараттық жүйе аспаптар мен жабдықтардағы датчиктерден онлайн режимде ақпарат алуға және оны талдауға, уран өндіру кезінде қолданылатын химиялық реагенттер мөлшерін бақылау мен реттеуге мүмкіндік береді.
Цифрлық кенішті енгізу нәтижесінде Қазатомөнеркәсіп еңбек өнімділігін арттыру және өнімнің өзіндік құнын төмендету есебінен 2025 жылға қарай 12 млрд теңге көлемінде экономикалық тиімділікке қол жеткізуді көздеген. Компания үстіміздегі жылы цифрлық кенішті бір кәсіпорында енгізуді аяқтауды жоспарлап отар. Келер жылы тағы екі өндірістік нысанда цифрлық кеніш енгізілетін болады.