«Қазатомөнеркәсіп-SaUran» ЖШС-да («Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның еншілес кәсіпорны) кәсіпорын ресурстарын басқару жүйесі – SAP ERP іске қосылды. Трансформация бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобаға ұлттық атом компаниясының Экономика және қаржы жөніндегі бас директоры Мейіржан Юсупов старт берді.
«SAP автоматтандырудың бірыңғай тұғырнамасына көшу бүкіл компания аясындағы барлық өзгерістерді бір орталықтан, мейлінше шұғыл және ашық басқаруға мүмкіндік береді. Жобаның маңызды бір артықшылығы – қазір қолданыстағы IT-ортамен, жоспарлаудың біріктірілген жүйесімен өзара жүйелі байланысты баптауға қолайлы болатындығы», - деп атап көрсетті М. Юсупов.
SAP ERP жүйесін енгізу үстіміздегі жылғы шілдеде Қазатомөнеркәсіптің корпоративтік орталығынан басталды. Жоба жетекшісі Валерий Токарев дайындық жұмыстарының барлығы сәтті аяқталып, енді негізгі жұмыстар басталатынын баяндады.
«Жүйенің жүйелі интеграторы ретінде IBM компаниясы таңдап алынды. Ұлттық атом компаниясына қарасты кәсіпорындардың қызметкерлерінен жобалаушылардың кәсіпқой командасы құрылды. Қазіргі кезде жобаның «дизайн» кезеңі аяқталды. Команда жүйені тестілеуден өткізуге және тұтынушыларды оқытуға, сондай-ақ жер-жерде өрістетуге дайындалуда», - деді В. Токарев.
SAP ERP жобасы – компанияның қызметі: ресурстары, өндірістік көрсеткіштері, клиенттері, жеткізушілері, құжаттары, т.т. туралы бүкіл ақпарат жинақталатын біртұтас ақпараттық жүйе. Жобаны енгізу нәтижесінде компания қызметін өзекті деректерге негізделген дәл жоспарлаудың құралы пайда болады.
2018 жылы аталмыш жүйе «КБ-6», «Орталық», «СКК» ЖШС-ларында және «ҮМЗ» АҚ-да жұмыс істейтін болады. Болжам бойынша жобаның қаржылық тиімділігі 14,8 млрд теңге.